Жексенбі, 11 қазанда Қазақстанда Yandex-тің бірқатар қызмет түрлері істемей қалды.
“Достар, қазір кей сервисімізде техникалық мәселе туындап, олардың жұмысы уақытша қиындауы мүмкін. Бұл жағдайдан хабардармыз. Мамандарымыз сервистер жұмысын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру үшін бар күшін салып жатыр. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз.” деп хабарлады Яндекс Go Qazaqstan жексенбі күні.
Қолданушылардың айтуынша, қазір Қазақстанның кейбір қалаларында Yandex taxi қызметін пайдаланғысы келгендер қосымшаны ашып, көлікке тапсырыс бергісі келсе, “көлік жоқ” деген жазу шығады.
Бұған дейін ақпарат құралдары Ресейде Yandex-тің дата орталықтарына украин дрондары шабуыл жасағанын хабарлаған еді. Sota-ның жазуынша, 9 қазанға қараған түнгі соққыдан компанияның Калугадағы дата орталығы бүлінген. Оның алдында компанияның Рязань облысындағы дата орталығына шабуыл жасалған.