Алматыда халықаралық теннис қауымдастығының жыл сайынғы ең ірі іс-шараларының бірі World Tennis Бас ассамблеясы ашылды. Форумға 137 елдің ұлттық теннис федерациясы мен спорт ұйымдарының өкілдерін қосқанда 230-дан астам делегат қатысып жатыр.
Салтанатты рәсімде Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ассамблея қатысушыларына жолдаған құттықтауын оқып берді.
«Осындай беделді халықаралық іс-шараның Алматыда өтуі – әлемдік қауымдастықтың елімізге деген зор сенімі мен құрметінің көрінісі. Біз мұны шынайы мақтан тұтамыз», – делінген Президент құттықтауында.
Мемлекет басшысы Қазақстанда теннисті дамытуға, спорт инфрақұрылымын жетілдіруге және дарынды спортшыларды қолдауға айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар кәсіби жаттықтырушылар мен маман даярлауға, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән берілетінін жеткізді.
Президент құттықтауында Бас ассамблея халықаралық әріптестікті нығайтып, әлемдік теннистің өркендеуіне серпін беретініне сенім білдірді.
