Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Алматыда өтіп жатқан Денис Тен мемориалы халықаралық турнирінде қола медаль жеңіп алды.
Әйелдер арасындағы жекелей сында отандық спортшы қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 204,36 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады.
Қысқа бағдарламада Софья Самоделкина 69,45 ұпайға ие болса, еркін бағдарламада 134,91 ұпай еншіледі. Осылайша, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жарыстың алғашқы күнінен кейінгі үшінші орнын сақтап қалды.
Турнирде бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен ресейлік Александра Игнатова 226,01 ұпаймен жеңімпаз атанды. Ал Оңтүстік Корея өкілі Ким Юджэ 209,20 ұпай жинап, күміс медаль иеленді.
Сондай-ақ Нұрия Сүлеймен (122,40 ұпай, 14-орын), Алика Халимова (120,56 ұпай, 15-орын), Амира Ирматова (117,00 ұпай, 16-орын), Зере Сарбалдина (108,73 ұпай, 18-орын) және Амина Алексеева (98,20 ұпай, 19-орын) ел намысын қорғады.
Post #43253
42