Жиында Наталья Садықова Қазақстанда тәуелсіз журналистер қысымға ұшырап жатқанын айтты.
“Біздің БӘСЕ медиамыз және “Республикадағы” әріптестерімізге үнемі цифрлық шабуыл жасалады. Авторлық құқықты бұзды деген жалған желеу біздің Facebook, Instagram және YouTube-тағы видеоматериалдарымызды бұғаттау үшін пайдаланылады. Біздің мақалаларымызды өшіреді, аккаунттарымызды шектейді. Өзге де тәуелсіз журналистер қысымға ұшырап жатыр. Динара Егеубаева мен Лұқпан Ахмедияров арандату мен саяси сипаты бар қылмыстық істерге кезігеді. Журналистер кәсіби қызметі үшін түрмеде отырмауы керек. Тәуелсіз БАҚ-тың үнін өшірсе, адамдар еркін әрі тәуелсіз ақпаратқа қол жеткізе алмай қалады” деп Наталья Садықова ЕҚЫҰ-ны шара қолдануға шақырды.
Ол авторлық құқыққа қатысты шағымдарды тәуелсіз журналистиканың үнін өшіру мақсатына пайдалануға қарсы тұруға, журналистердің кәсіби қызметі үшін қылмыстық қудалануына қарсы тұруға, қоғамның еркін әрі тәуелсіз ақпарат алу құқығын қорғауға шақырды.
“Және Айдос Садықовтың қазасын әділ тергеуді талап етуге [шақырамын]. Менің күйеуім өлтірілді, бірақ біздің журналистік қызметіміз жалғасып жатыр. Журналистерді өлтіруге, қылмыстық іспен қудалауға немесе шындықты айтқаны үшін тұншықтыруға болмайды...” деді Наталья Садықова
Журналист Наталья Садықова – Киевте қастандықпен өлтірілген қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықовтың жесірі және Қазақстанға аса танымал тәуелсіз медиалардың бірі – "Бәсе" YouTube-арнасының редакторы.
Айдос Садықовты 2024 жылғы маусым айында белгісіз біреулер Киевте атып өлтіріп кеткен. Өлімші болып жараланған Садықов аурухананың жансақтау бөлімінде бірнеше күн ес-түссіз жатып қайтыс болды.
Наталья Садықова бұл қылмысқа Қазақстан билігін айыптап, оның өлімі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа "пайдалы болды" деген. Астана кісі өлтіруге қатысы жоғын мәлімдеді.
Садықовтың өлтірілгеніне екі жылдан астам уақыт болса да, жақындары мен құқық қорғаушылар журналистің қазасы бойынша тергеу жылжымай жатқанын айтады. Биыл сәуірде Қазақстанның Бас прокуратурасы Айдос Садықовтың өліміне қатысты Азаттықтың сауалына берген жауабында "кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын" хабарлады, бірақ қосымша ақпарат бермеді.