Тамыздың соңында Непалдағы жойқын тасқыннан кейін "із-түзсіз жоғалғандардың" қатарында болған Қазақстан азаматы табылды. Ал екі қазақстандықтың қайда екені белгісіз деп хабарлады 8 қазанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі.
"Бұған дейін із-түзсіз жоғалғандар арасында Қазақстаннан үш турист болған: екеуі Непалдан, біреуі Тибеттен. Непалда болғанда хабар үзілді делінген бір азаматымызға хабарласа алдық. Ол апат болған аймаққа сапарын шегерген. Қазір Қазақстанда" деді министрліктің ресми өкілі Жанболат Үсенов.
Ал қалған екі қазақстандықтың туыстары ДНҚ-талдауы сияқты адамды анықтауға көмектесетін процедуралардан өткен.
5 қазанда Непал билігі іздеу-құтқару операциясын ресми түрде аяқтады. Ал Тибетте іздеу әлі жалғасып жатыр. Непал мен Қытай шекарасы аумағында болған жойқын тасқыннан қаза болғандар 1,5 мыңнан асты. 5 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалған.