Алматының Түрксіб ауданында «Оқитын ұлт» бастамасы аясында заманауи кітапхана ашылды
Алматының Түрксіб ауданындағы «Жас Қанат» шағынауданында жаңа қалалық кітапхана жұмысын бастады. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа кітапхана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға және зияткерлік әлеуетті арттыруға бағытталған «Оқитын ұлт» бастамасы аясында ашылды.
Жаңа қалалық кітапхана – тұрғындардың кітап оқуына, білім алуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне арналған заманауи мәдени-ағартушылық кеңістік. Кітапхананың жалпы ауданы 340 шаршы метр, ал кітап қоры 10 мыңнан астам басылымды қамтиды.
Мұнда оқырмандардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескеріліп, қазақ, орыс және шет тілдеріндегі көркем әдебиет, балалар әдебиеті, танымдық және ғылыми-көпшілік басылымдар, сондай-ақ түрлі жанрдағы заманауи кітаптар ұсынылған.
Post #43189
70
