НАТО-ның Еуропадағы біріккен қарулы күштерінің бас қолбасшысы Алексус Гринкевич егер альянс елдеріне Ресей тарапынан шабуыл жасалған жағдайда қандай қарымта шаралар жоспарланғанын айтты. The Wall Street Journal басылымы ондай жағдайда НАТО күштері Калининград облысына, Беларусь аумағына және Санкт-Петербург маңындағы нысандарға соққы жасамақ деп жазды.
Жоспардың негізгі мақсаты – басқыншылықты басталған бойда тоқтату, ал агрессия жалғаса беретін болса, қарсыластың өз әскерін басқару және қамтамасыз ету қабілетін толық жою дейді НАТО өкілі.
"Мен қақтығыс сөзсіз болатын я бұлтартпас жайт деп санамаймын. Бұл олай емес. Әйткенмен саботаж бен өрт қою оқиғаларының ауқымын ескерсек, альянсқа мүше елдердің халқы біршама алаңдап отыр деп ойлаймын. Сондықтан біздің альянстың миллиард тұрғынын сендіргім келеді: біз бұған төтеп береміз" деген Гринкевич Варшавадағы қауіпсіздік форумында.
Ұсынылған стратегияға сәйкес, Ресей шабуылдайтын болса, ауқымды "автономды аймақ" құру қарастырылған. Жоспар бойынша, дрон мен жердегі роботты кешендер одақтас күштер арасындағы шығынды барынша азайта отырып, Ресейдің шабуылын тойтаруы тиіс.