🦭 Маңғыстауда Каспий жағасынан 15 итбалық өлексесі табылды
Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағасынан 15 итбалық өлексесі табылған, олардың неден өлгені әзірге белгісіз деп хабарлады 13 қазанда Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі.
Министрлік мәліметінше, "Каспий итбалығы" мемлекеттік табиғи резерваты инспекторлары жануарлар өлекселерін 12 қазанда Түпқараған ауданындағы Баутин ауылының батыс жағалауына мониторинг жүргізген кезде байқаған.
Бұған дейін, 11 қазанда, Ақтау қаласының тұрғыны Баутин ауданы маңындағы ұзындығы 2,5-3 шақырым болатын жағалаудан итбалық өлекселерін көргенін хабарлаған еді. Ол түсірген суреттерін жергілікті Lada.kz басылымына жолдаған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі экология департаментінің мамандары теңіз суы мен топырақтан сынама алғанын хабарлады. Жақын арада санитарлық талаптарды сақтай отырып, жағалауды тазарту жұмыстары жүргізілмек. Сүтқоректілердің нақты неден өлгені зертхана қорытындысынан кейін белгілі болмақ.
Министрлік көктем мен күз мезгілдерінде соғатын солтүстік-батыс және батыс бағытындағы дауылды жел итбалықтар өлекселерін Қазақстан жағалауына шығарып тастауы мүмкін екенін айтады.
Post #35705
576

- 🤬 8
- 😢 2
- ❤ 1