☢️ МАГАТЭ сарапшылары Қазақстанның АЭС салуға дайындығын бағаламақ
Астанада 12-15 қазан аралығында Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) миссиясы өтіп жатыр. Халықаралық сарапшылар Қазақстанға АЭС құрылысына арналған инфрақұрылымды кешенді бағалауға дайындалуға көмектеседі. Бұл туралы Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлады.
Сарапшылар елдің өзін-өзі бағалау жөніндегі ұлттық есебін талқылап, ұсынылған деректерді нақтылап, ядролық инфрақұрылымға кешенді шолу жасайтын негізгі INIR миссиясы алдындағы келесі қадамдарды айқындайды.
Бағдарлама ядролық және радиациялық қауіпсіздік, ядролық нысандарды қорғау, заңдар базасы, қаржыландыру, кадр даярлау, электр желілері дайындығы және ядролық отын циклі даярлығы сынды барлығы 19 бағытты қамтиды. Бұл жұмыстарға қазақстандық агенттіктің, "Қазақстандық атом электр станциялары" және "Қазатомөнеркәсіп" компанияларының өкілдері қатысады.
Қазақстан аумағында бірнеше атом электр станциясын салу жоспарланған. Алғашқысы – "Балқаш" АЭС-і Алматы облысының Үлкен ауылы маңында бой көтермек. Құрылыс консорциумының көшбасшысы ретінде ресейлік "Росатом" компаниясы таңдалған.
2026 жылғы 3 қыркүйекте "Қазақстандық атом электр станциялары" компаниясы "Росатомның" еншілес құрылымы – "Атомстройэкспортпен" АЭС құрылысын жобалау, жабдықтау және салу туралы келісімшартқа қол қойған. Жобада ВВЭР-1200 үлгісіндегі екі энергоблок салу көзделген, ал нысан 2035-2036 жылдары іске қосылады деп жоспарланған.
Post #35707
661
- 👍 8
- 👎 3
- 🤔 2
- 💩 2
- 🔥 1