Украина президенті Владимир Зеленский елде президент сайлауын өткізу үшін соғыс қимылдарын 60 күнге толық тоқтату қажет екенін мәлімдеді. Мұны ол америкалық ABC News телеарнасына сұхбатында айтты.
"Мен президент Трампқа және оның командасына бірнеше рет айтқам: егер ол сайлау арқылы қандай да бір өзгерісті қаласа, президент Путинге айтсын – бізге екі ай, яғни 60 күн бойы толық бітім берсін, сонда біз сайлауды ұйымдастырамыз. Әрине, біз халқымыздың, нақты айтқанда украин халқының кез келген таңдауын қабылдауға дайынбыз" деген Зеленский ABC тележүргізушісі Джонатан Карлға.
Украина президенті қолданыстағы заңнамада соғыс болып жатқанда сайлау өткізуге тыйым салынғанын еске салды.
"Бірақ ең бастысы – ол үшін адамдарға дауыс беруге мүмкіндік жасап, сайлау инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрине, қашан, қалай және кімге дауыс беру керектігін украиндар өздері ғана шешеді" деген Зеленский.
10 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті лауазымында жаңа адам болғанын көргісі келетінін мәлімдеген. Оның пікірінше, Владимир Зеленский Ресеймен соғысты аяқтау үшін жеткілікті күш-жігер жұмсап жатқан жоқ.
"Оларға мәмілеге келе алатын жаңа көшбасшы қажет" деген Трамп Ақ үйде журналистерге.
Трамптың Зеленскийге таққан негізгі кінәсі – Украина қарулы күштерінің Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасап жатқан шабуылдарына байланысты. АҚШ президенті Зеленскийден "жаһандық мәселе тудыратын" мұндай әрекеттерді тоқтатуды талап еткенін, бірақ шабуылдар тоқтамағанын алға тартқан.