ℹ️ Әлеуметтік желілерде тегін мектепте тамақтандыру мен балаларды оқу жылына дайындауға берілетін материалдық көмек бір мемлекеттік қолдау шарасы болып табылады және ол барлық оқушыға бірдей беріледі деген қате түсінік қалыптастыратын ақпарат таралуда.
Бұл тұжырым қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейді. Мұнда мақсаты, көрсетілу шарттары мен алушылар санаты әртүрлі мемлекеттік қолдаудың екі дербес шарасы туралы сөз болып отыр.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылық және материалдық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Мұндай көмекті көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысымен айқындалған.
Аталған көмек, атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ заңнамада көзделген басқа да санаттарға көрсетіледі.
Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, 1-4 сыныптардың барлық оқушысы, сондай-ақ халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына жататын 5-11 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Ал, киім-кешек, аяқ киім және мектеп оқу құралдарын сатып алуға берілетін материалдық көмек атаулы сипатта болады. Ол заңнамада белгіленген тиісті негіздері бар мұқтаж балалар мен отбасыларға көрсетіледі.
‼️ Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы азаматтарға дұрыс ақпарат беру маңызды. Оқушылардың жекелеген санаттарына арналған атаулы көмекті барлық оқушыға берілетін төлем ретінде көрсету ата-аналар арасында негізсіз күтулердің қалыптасуына және мемлекеттік әлеуметтік саясаттың мазмұнының бұрмалануына әкелуі мүмкін.
🔈 Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алуға шақырамыз.
Post #270
682
- 👍 12
- 👏 4
- 🔥 1