АТЫРАУДА МЕЙІРГЕРЛІК ІСІНІҢ ҮЗДІК ЖАС МАМАНДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
🇰🇿 Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының Атырау жоғары медициналық колледжі базасында «MedSkills Atyrau – 2026» II республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты өтті.
Ауқымды жоба Қазақстанның 16 өңірінен келген болашақ мейіргер ісі мамандары мен сарапшылардың басын қосып, отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.
🩺 Екі күн бойы еліміздің 16 өңірінен – Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жетісу, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан облыстарынан, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Астана қалаларынан келген «Мейіргер ісі» мамандығының студенттері «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреттілігі бойынша өз білімдері мен практикалық дағдыларын көрсетті.
🔗 Жарыстың негізгі міндеттері – мейіргер мамандығының беделін арттыру, студенттердің теориялық және практикалық даярлығын нығайту, күрделі клиникалық жағдайларда сыни ойлау қабілетін дамыту, сондай-ақ пациенттерге сапалы әрі қауіпсіз күтім көрсету стандарттарын дәріптеу.
Байқау бағдарламасы медицина қызметкерлерінің нақты жұмыс жағдайларын барынша шынайы модельдейтін күрделі тапсырмаларға толы болды. Арнайы жабдықталған алаңдарда қатысушылар емшара кабинетінде инъекциялық емшараларды орындады, стационар жағдайында пациенттерді ағылшын тілінде тамақтандыруды ұйымдастырды, сондай-ақ үй жағдайында қант диабеті бар пациенттерге кешенді күтім көрсетуді орындады.
🥇 Қатысушылардың құзыреттерін бағалауды олармен бірге келген сарапшылармен қатар, Атырау облысының жетекші ауруханаларының бас және аға мейіргерлерінен құралған тәуелсіз комиссия жүргізді. Барлық нәтижелер CIS (Competition Information System) автоматтандырылған жүйесіне енгізіліп, бұл қорытынды шығарудың толық ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етті.
Екі күндік сынақ қорытындысы бойынша чемпионаттың алтын медалін Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Ақмаржан Бөкенбай жеңіп алды.
🥈 Екінші орынды Республикалық жоғары медициналық колледжінің студенті Айнар Дәукен, Қостанай жоғары медициналық колледжінің студенті Сабина Ашимхан және Атырау жоғары медициналық колледжінің студенті Айдана Төлепберген өзара бөлісті.
🥉 Құрметті үшінші орынға Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенті Айымгүл Иманқұлова, Ақтау қаласындағы «Мейіргер» жоғары медициналық колледжінің студенті Асел Николай және Түркістан жоғары медициналық колледжінің студенті Дильназ Худайбергенова ие болды.
MedSkills республикалық чемпионаты алғаш рет 2025 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен Жетісу облысының Талдықорған жоғары медициналық колледжінің базасында өткізілгенін айта кеткен жөн.
Бірінші чемпионатта Атырау жоғары медициналық колледжінің студенті Гүлназ Исмайлова I орын алған болатын. Чемпионат ережесіне сәйкес, келесі жарысты жеңімпаздың оқу орны ұйымдастырады. Осыған байланысты биылғы чемпионат Атырау қаласында өтті.
✅ III республикалық «MedSkills – 2027» чемпионаты жеңімпаздың өңірі – Жамбыл облысында өтеді.
🌐 Ресми сайт ⚜️ Instagram
Post #27291
307


