Қазақстан мен ДДҰ климат өзгерісінің тұрғындар денсаулығына әсерін талқылады
⚜️ Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ана мен бала денсаулығын сақтау, сондай-ақ халықты климаттық қауіп-қатерлерден қорғау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Бірлескен жаңа бастамалар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы директорының міндетін атқарушы доктор Коринн Капуаноның Түрікменстанның Аваза қаласында өткен кездесуінде талқыланды.
Тараптар климаттың өзгеруінің халық денсаулығына әсерінен қорғау мәселесіне ерекше назар аударды.
Қазақстан ДДҰ және БҰҰ-ның Халық қоныстануы қоры (ЮНФПА) бірлесіп 9 қарашада Антальяда өтетін COP31 халықаралық климаттық конференциясы шеңберінде аптап ыстық, ауаның ластануы және басқа да экологиялық факторлардың адам денсаулығына әсеріне арналған арнайы іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
Іс-шарада жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтауға, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің климаттық өзгерістерге байланысты қауіп-қатерлерге дайындық деңгейін арттыруға ерекше мән беріледі.
🤝 Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – 2026–2030 жылдарға арналған «Арал өңіріндегі салауатты болашақ» бастамасын іске асыру.
Кездесу барысында Қазақстанның ДДҰ-ның басқарушы органдарының жұмысына қатысуын кеңейту және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды нығайту перспективалары да талқыланды.
Тараптар 2028 жылы атап өтілетін алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Алматы декларациясының 50 жылдығына және Астана декларациясының 10 жылдығына дайындық мәселесіне де назар аударды.
Қазақстан ДДҰ-ға медициналық алғашқы көмекті дамытуға, оның қолжетімділігін арттыруға және елдердің арасында тиімді тәжірибемен алмасуға бағытталған халықаралық іс-шаралар бағдарламасын бірлесіп әзірлеуді ұсынды.
Ақмарал Әлназарова ДДҰ-мен әріптестіктің стратегиялық маңызын атап өтіп, халық денсаулығын нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға Қазақстанның мүдделі екенін жеткізді.
🌐 Ресми сайт ⚜️ Instagram
Post #27318
147
