Елдік мұраттың үштағаны
Құндылық - елдің тұғыры, этика - қоғамның мінезі, болашақ - мемлекеттің мұраты.
Қазақтың ел болу туралы ұғымы ешқашан тек бүгінмен шектелмеген. Дала өркениетінде ел - ортақ жер ғана емес, ортақ тәртіп, ортақ жауапкершілік, ортақ мұрат еді. Түрік қағанатының «төрүінен» Ұлы Жасаққа, Алтын Орда дәуіріндегі Құрылтай дәстүрінен Қазақ хандығының елдік жолына дейін жалғасқан бір өзек бар: заң, бірлік және әділет. Бүгінгі Конституциялық құндылықтар осы тарихи сананы жаңа дәуірдің тілімен жалғастырып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларындағы «Заң және тәртіп», ұлттық бірлік, жауапты патриотизм ұғымдарының терең тамыры да осында жатыр.
Ал құндылықтың ғұмыры оны ұран етумен емес, мінезге айналдырумен өлшенеді. Абайдың «толық адам» туралы ойы да осыған келіп тоғысады: ақыл, қайрат, жүрек бірікпей, кемелдік болмайды. Бүгінгі «жаңа қоғамдық этика» дегеніміз - сол рухани өлшемнің қазіргі қоғамдағы жалғасы. Заңға құрмет, еңбекке адалдық, білімге ұмтылу, табиғатқа жауапкершілік, өзгенің хақын сыйлау - бұлар сырттан таңылатын тәртіп емес, елдің ішкі мәдениетіне айналатын қасиеттер. Таза Қазақстан мен Адал азамат ұғымдарының мәні де осында: мемлекетті өзгерту қоғамның күнделікті әдетінен басталады.
Ал болашаққа ұмтылу - өткеннен қол үзу емес. Керісінше, тамырын таныған ел ғана жаңа заманға нық қадам басады. Ұлы Дала мұрасын ХХІ ғасырдың ғылымы мен технологиясымен сабақтастыру - тарихты қайталау емес, оның өнегесін жаңа уақытқа лайық жаңғырту. Сондықтан бүгінгі үш басымдықты - құндылық, этика, болашақ - үш бөлек бағыт емес, бір елдік жолдың үш белесі ретінде қабылдауға болады: тамырдан - тәртіпке, тәртіптен - парасатқа, парасаттан - прогреске. Осы сабақтастық сақталғанда ғана Әділетті әрі прогрессивті Қазақстан идеясы саяси ұғымнан қоғамдық мәдениетке айналады.
Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының елдің ішкі саясатының осындай іргелі бағытын Вице-президент Ерлан Қаринге жүктеуі де айрықша мәнге ие. Бұл - белгілі бір міндетті ғана тапсыру емес, қоғамның құндылықтық бағдарын, қоғамдық мәдениетті және болашаққа деген көзқарасын жүйелі түрде қалыптастыруға зор жауапкершілік арту. Мұндай ауқымды жұмыстың нақты маманға сеніп тапсырылуының өзі Мемлекет басшысының осы бағытқа қаншалықты жоғары мән беретінін аңғартады.
Нұрлан Болатұлы Көптілеу
Post #326
320
- 🔥 1