Диалогтан жауапты қатысуға: Қазақстан Халық Кеңесінің мәні неде?
Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысы - мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңінің басталуын білдіретін маңызды институционалдық қадам. Оның мәні - қоғамдық, кәсіби, сараптамалық және өңірлік әлеуетті бір жүйеге тоғыстырып, азаматтардың мемлекет ісіне жауапты қатысуын күшейту. Құрылтай, мәслихаттар, қоғамдық кеңестер және басқа да институттармен өзара байланыс арқылы қоғамдық бастама мәселені көтеруден сараптамаға, одан нақты шешімге дейін жеткізетін жүйенің қалыптасуы маңызды.
Бұл туралы Айнұр Нұрланқызының авторлық сараптамалық “Үштаған” бағдарламасы барысында айтқан негізгі ойларымды видеодан көруге болады. Ал эфирде толық тоқталуға мүмкіндік болмаған бір мәселеге - «Таза Қазақстан» идеясына - осы жерде бөлек назар аударғым келеді.
Президент «Таза Қазақстанды» халқымыздың көпғасырлық дәстүріне негізделген жоғары мәдениет философиясы ретінде атап өтті. Бұл ұғымды тек көшені немесе ауланы тазалаумен шектеуге болмайды.
Таза Қазақстан - адамның өзі өмір сүріп жатқан жерге, табиғатқа, қаласына және айналасындағы адамдарға деген жауапты қарым-қатынасы.
Тазалық мәдениеттен басталады. Ал мәдениет жауапкершіліктен көрінеді.
Өз ауласына ұқыпты қарау, қоғамдық кеңістікті құрметтеу, туған жердің тазалығы мен көркеюіне атсалысу - бұлардың барлығы азаматтық қатысудың нақты көріністері.
Сондықтан «Таза Қазақстанды» «Адал азамат», «Заң және тәртіп», жауапты серіктестік ұғымдарымен сабақтас қараған жөн. Бұл - қоршаған ортаны ғана емес, қоғамның өз мәдениетін өзгертуге бағытталған ұзақ мерзімді жұмыс.
Әр азамат - туған жердің қамқоршысы.
Post #336
38
Нұрлан Көптілеуов. Диалогтан жауапты қатысуға: Қазақстан Халық Кеңесінің мәні неде?