Сәлемдесу мәдениетінен қоғамдық мәдениетке
Мемлекет басшысының бастамасы және Халық Кеңесінің жалпыұлттық диалог алаңы ретіндегі мүмкіндігі
Халық Кеңесі - жаңа Конституциямен айқындалған, халықтың мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның ерекшелігі - қоғамның әртүрлі топтары мен өңірлерінің үнін бір арнаға тоғыстыра отырып, мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары бойынша жалпыұлттық диалог ұйымдастыруға және заңнамалық бастамалар жасауға мүмкіндік беретін әмбебап конституциялық алаң болуында.
Мемлекет басшысы жақында қоғамдағы сәлемдесу мәдениетіне арнайы тоқталды. Бір қарағанда, бұл күнделікті өмірдің қарапайым ғана мәселесі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мемлекеттің қоғамдық мәдениеті дәл осындай қарапайым әрекеттерден басталады. Адамның үлкенге сәлем беруі, өзгенің кеңістігін құрметтеуі, қоғамдық ортада өзін ұстауы - қоғамдағы өзара сыйластықтың күнделікті көрінісі.
Бұл ойды Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым өз сұхбатында кеңінен тарқатып, үлкен қалалардағы өмір сүру мәдениеті туралы ойымен ұштастырды.
Осы екі пікірдің арасында маңызды бір сабақтастық бар.
Қазақстан қарқынды урбандалып жатқан ел. Қалаға келу - мекенжайды ғана өзгерту емес. Ол адамның қоғамдық кеңістіктегі мінез-құлқына, көршімен қарым-қатынасына, ортақ инфрақұрылымды пайдалануына, қауіпсіздік пен жауапкершілік туралы түсінігіне жаңа талаптар қояды.
Біз қоғам ретінде жаңа, прогрессивті әрі әділетті, жасампаз кезеңге өтіп жатырмыз. Ендеше, осы кезеңге сәйкес келетін ортақ өмір сүру мәдениетін қалыптастырудың да маңызы артып келеді.
Сондықтан қалалық өмір мәдениетін бірнеше өзара байланысты бағытта қарастыруға болады:
Ортақ кеңістік - аула, подъезд, лифт, саябақ, қоғамдық көлік сияқты ортақ ортаны ұқыпты пайдалану.
Ортақ тәртіп - жол қозғалысы, жаяу жүргінші қауіпсіздігі, қоғамдық орындардағы тәртіп және белгіленген ережелерге құрмет.
Ортақ ресурс - су, жылу, электр және коммуналдық инфрақұрылымды жауапты тұтыну.
Ортақ жауапкершілік - тазалық, қоқыс, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау және өз әрекетінің айналадағы адамдарға әсерін түсіну.
Көрші мәдениеті - сәлемдесу, әдеп, тыныштықты сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет және өзгенің жеке кеңістігіне құрметпен қарау.
Мұның бәрін әкімшілік шаралармен немесе жазалау тетіктерімен қалыптастыру міндетті емес. Керісінше, ұзақ мерзімді нәтиже қоғамның өз ішінде ортақ түсінік пен қоғамдық әдет қалыптасқанда келеді. Осы орайда «Заң және Тәртіп» пен «Таза Қазақстан» ұлттық қағидаттарының да қоғамдық мәдениетті нығайтудағы рөлі айрықша.
Біздің ұлттық мәдениетімізде мұндай негіз бар. Кішіпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық, өзгенің көңілін қалдырмау - қазақ қоғамының ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтары. Ендігі міндет - осы құндылықтарды қазіргі қалалық ортада жаңа мазмұнмен жалғастыру.
Осы жерде Халық Кеңесінің мүмкіндігі ерекше.
Оның құрамында өңірлердің, республикалық маңызы бар қалалардың, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері болуы көзделіп отыр. Яғни бұл - қоғамның әртүрлі бөліктерін бір жерде тоғыстыратын ғана емес, қоғамдық тәжірибені жинақтап, оны жалпыұлттық диалог деңгейіне шығара алатын институт.
Заңда Халық Кеңесінің ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша жалпыұлттық диалог ұйымдастыруы, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауы, сарапшыларды, қоғамдық ұйымдар мен азаматтарды тартуы, ал өңірлік деңгейде қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимыл жасауы қарастырылған.
Демек, сәлемдесу мәдениетінен басталған бұл әңгімені тек әлеуметтік желідегі пікірталас деңгейінде қалдырмай, қоғамдық мәдениетті қалыптастырудың жүйелі диалогына шығаруға институционалдық негіз бар.
Мемлекет басшысы қарапайым, бірақ терең мағынасы бар мәселені көтерді. Құрылтай депутаты бұл ойды қалалық өмір мәдениеті деңгейіне дейін кеңейтті. Ендігі жерде осы бастамаларды қоғамдық диалогтың жүйелі арнасына түсіру үшін қажетті институционалдық мүмкіндік қалыптасып отыр.
Post #322
62