⚜️Форум аясында Трансауған көлік дәлізін дамыту мәселелері талқыланды
«NEW SILK WAY» халықаралық бизнес-форумы аясында Трансауған көлік дәлізін дамыту мәселелері бойынша кездесу өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Ауғанстан теміржол басқармасының бас директоры Абдул Карим Фатех, Өзбекстан Республикасы Көлік министрлігі Көлік және логистика мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бекзод Холматов, Пәкістан Ислам Республикасы Байланыс министрлігінің федералдық хатшысы Али Шер Мехсуд және Иран Ислам Республикасының Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садег қатысты.
Кездесу барысында Орталық, Оңтүстік және Батыс Азия елдері арасындағы көлік байланысын нығайтуға, тасымалдар географиясын кеңейтуге, сондай-ақ халықаралық нарықтар мен теңіз порттарына шығу үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» (CASA) теміржол дәлізін салу жобасын іске асыруға ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар жобаның ағымдағы мәртебесін және оны іске асырудың практикалық аспектілерін, оның ішінде бағытты келісу, қажетті инфрақұрылымды дамыту және жүк базасын қалыптастыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жобаны қаржыландыру тетіктеріне, әлеуетті инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарын тартуға, Қазақстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан арасындағы үйлестіруді нығайтуға ерекше назар аударылды.
«Бүгін біз Трансауған көлік дәлізін одан әрі дамыту және CASA теміржол жобасын іске асыруға ниетті екенімізді растадық. Біз үшін талқылаудан нақты іс-қимылдарға көшу маңызды. Бұл жобаны іске асыру өңірлеріміз арасында қосымша көлік қатынасын қалыптастыруға, транзиттік әлеуетті арттыруға, жүк тасымалы мүмкіндіктерін кеңейтуге және мүдделі мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоба аясында бірлесіп жұмысты жалғастыруға және оны одан әрі ілгерілету үшін практикалық қадамдарды кезең-кезеңімен пысықтауға мүдделі екендерін жеткізді.
Post #25667
191