Өсу үшін бизнеске қаражат қажет болған кезде банктен кредит алу жалғыз мүмкіндік емес. Облигация, қор нарығы құралдары, мемлекеттік субсидиялау және кепілдік беру бағдарламалары компанияларға капитал тартуға және дамуды өзге талаптармен қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Бұл мүмкіндіктерді іс жүзінде қалай пайдалануға болатыны Ақтөбеде өткен KASE Day in Aqtobe – Ақтөбе облысының шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған “Капитал нарығы және шағын және орта бизнес үшін өсу (қаржыландыру) құралдары” тақырыбындағы мамандандырылған кездесуде талқыланды. Іс-шараға KASE, “DAMU” қоры, Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) және BCC Invest спикерлері қатысты.
Қатысушылар бүгінгі таңда бизнеске қандай құралдар қолжетімді екенін, қаржыландыру тартуға қалай дайындалу керектігін және мемлекет, қаржы институттары, оның ішінде Биржа тарапынан қандай қолдау алуға болатынын білді.
Презентация аясында KASE спикерлері Биржаның 2026 жылғы 1 қыркүйектегі негізгі көрсеткіштерін таныстырды. Бүгінде KASE сауда-саттық көлемі бойынша ТМД биржалары арасында 2-орында және FEAS (Federation of Euro-Asian Stock Exchanges – Еуро-Азия қор биржалары федерациясы) құрамына кіретін биржалар арасында акциялар нарығын капиталдандыру бойынша 5-орында тұр. Акциялар нарығын капиталдандыру 50,2 трлн теңгеге жетті, ал айналыстағы корпоративтік борыш көлемі 16,7 трлн теңгені құрады. 2026 жылдың сегіз айында бағалы қағаздар нарығындағы сауда-саттық көлемі 12,4 трлн теңгені құрады, бұл ретте биржалық нарықтағы мәмілелер саны 2,1 млн-нан асты.
KASE мамандары коммерциялық облигациялар шығаруды қоса алғанда, ресурс тартудың биржалық тетіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді, ал BCC Invest командасы компанияларды Биржаға шығу кезінде сүйемелдеудің практикалық тәжірибесін бөлісті.
ЕҚДБ және DAMU сарапшылары ШОБ-қа арналған қолданыстағы субсидиялау, кепілдік беру және гранттық көмек бағдарламаларын таныстырды.
Бағдарламаның қорытынды бөлігінде ашық сессия өтіп, кәсіпкерлер бизнесті қаржыландыру және оның ауқымын кеңейту мәселелері бойынша тікелей жауап алды.
KASE бизнестің қаржылық сауаттылығын арттыруға және Қазақстан өңірлерінде биржалық құралдарды пайдалануды кеңейтуге бағытталған өңірлік іс-шаралар сериясын жалғастыруда.
Post #7927
222






