ҚАЗАҚСТАНДА ЖҮРЕК ПАТОЛОГИЯЛАРЫН ЕМДЕУДІҢ БІРЕГЕЙ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ЕНГІЗІЛУДЕ
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Қытай ғылым академиясының академигі, Чжэцзян университеті медицина мектебінің Екінші аффилиирленген ауруханасының президенті, медицина докторы, профессор Wang Jian’an және УДЗ, DragonFly жүйесі мен қақпақшалық интервенциялар бойынша жетекші мамандар – үш проктордың қатысуымен митральдық қақпақшаны транскатетерлік реконструкциялау бойынша мастер-класс өтті.
Профессор интервенциялық кардиологияны дамытуға, әсіресе «шетін шетіне» (TEER) әдісімен митральдық қақпақшаны транскатетерлік реконструкциялау технологияларын клиникалық тәжірибеге енгізу мен дамытуға, сондай-ақ митральдық қақпақшаны транскатетерлік реконструкциялаудың жаңа жүйесін әзірлеу және алғашқы клиникалық қолдануға елеулі үлес қосты.
Мастер-класс шеңберінде институттың интервенциялық кардиологтарымен, кардиохирургтарымен және басқа да мамандарымен академиялық әрі озық клиникалық тәжірибе алмасу өтті.
Қатысушылар профессордың «Клиникалық бағытталған инновациялық практика» тақырыбындағы дәрісін тыңдады. Дәріс барысында ол митральдық қақпақшаны транскатетерлік реконструкциялаудың жаңа жүйесін (TEER) әзірлеу және клиникалық тәжірибеге енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Мамандар жүйені қолданудың техникалық және клиникалық аспектілерін талқылап, операция жасау үшін пациенттерді іріктеді.
Қазіргі уақытта жүректің құрылымдық аурулары ашық жүрекке операция жасамай-ақ ақауларды қалпына келтіруге және жоюға мүмкіндік беретін озық аз инвазивті және эндоваскулярлық әдістермен емделеді.
КІА ҒЗИ рентгенэндоваскулярлық операциялық блогының меңгерушісі Алексей Евгеньевичтің айтуынша, «шетін шетіне» (TEER) әдісімен митральдық қақпақшаны транскатетерлік реконструкциялау – кеуде қуысын кеспей және жасанды қанайналым аппаратын қолданбай жасалатын аз инвазивті жүрекке жасалатын емшара. Бұл әдіс митральдық регургитацияның (қақпақша жеткіліксіздігінің) ауыр түрін емдеу үшін қолданылады.
Жіңішке катетер аяқтағы сан венасы арқылы енгізіліп, жүрекке жеткізіледі. Арнайы клип (мысалы, MitraClip немесе DragonFly жүйесі) қақпақшаға жеткізіліп, митральдық қақпақшаның алдыңғы және артқы жармаларын ортасынан («шетін шетіне» қағидаты бойынша) біріктіреді. Жармалар бекітіліп, қанның кері ағымы (регургитация) азаяды және жүректің дұрыс жұмысы қалпына келеді. Пациенттер тез қалпына келіп, араласудан кейін келесі күні-ақ тұра алады.
«Операцияның ерекшелігі – оның контраст енгізбей, жүректің ультрадыбыстық зерттеуі бақылауымен жүргізілуінде. Өңеш арқылы жүргізілетін УДЗ көмегімен жүрек құрылымын барынша егжей-тегжейлі көреміз. Сондай-ақ митральдық қақпақшаның 3D-бейнесі қолданылады және оның бақылауымен клип қажетті жерге орнатылады», – дейді КІА ҒЗИ функционалдық және ультрадыбыстық диагностика бөлімінің меңгерушісі Ақжан Қонысбекова.
TEER операциялары ашық жүрекке классикалық операция жасауға қарсы көрсетілімі бар, хирургиялық қаупі жоғары төрт пациентке жүргізілді.
Мұндай іс-шаралар кәсіби ынтымақтастықты дамытуға, білім мен тәжірибе алмасуға, жүректің құрылымдық ауруларын емдеудің заманауи технологияларын енгізуге ықпал етеді. Сонымен қатар медициналық ұйымдардың арасында одан әрі ғылыми және клиникалық ынтымақтастықты дамытуға негіз қалыптастырады.
Post #27054
306





