АУЫЛДАРДАҒЫ ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР: ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНҒА БАРДЫ
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары шеңберінде Шемонаиха ауданына барып, халықпен кездесті, азаматтарды жеке қабылдады, медициналық нысандардың жұмысымен танысып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Сапар барысында аудандық және ауылдық медицинаны дамыту, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, ауруханаларды жабдықтау, жедел медициналық көмектің жұмысы және өңірді дәрігер кадрларымен қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды.
«Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір тұрғын үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Ол үшін бастапқы буынды нығайтып, инфрақұрылымды дамыту және өңірлерге мамандарды тартуға жағдай жасау бағыттарын қатар жүргізу қажет», – деді Тимур Сұлтанғазиев халықпен кездесуде.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысында жоспарланған медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 36 нысанның барлығы салынды. Шемонаиха ауданында Межовка ауылында медициналық пункт және Волчанка ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды.
Шемонаиха аудандық ауруханасын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы ауруханаға 44 бірлік медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Аурухананы реконструкциялау жобасы пысықталуда. Жоба қабылдау бөлімін жаңартуды, триаж жүйесін енгізуді және операциялық блок құруды көздейді. Сонымен қатар инфекциялық бөлімшенің жеке корпусын және дәрігерлік амбулатория салу жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында тұрғындар жедел медициналық жәрдем автопаркі мен ғимаратын жаңарту, аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу және медициналық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселелерін көтерді. Аталған мәселелер бақылауға алынып, Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қосымша пысықтайтын болады.
Өңірді медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. 2026 жылы Шығыс Қазақстан облысына резидентураның 25 мамандығы бойынша 48 грант бөлінді. Облыстың медициналық ұйымдарына 61 жас маман жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 13 маман ауылдық жерлерге жіберілді.
Әлеуметтік қолдау шараларымен 55 дәрігер қамтылды, оның 38-і ауылдық жерлерде жұмыс істейді. 14 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ең тапшы медициналық мамандықтар бойынша мамандарға 8,5 млн теңгеге дейін біржолғы төлемдер көзделген.
Сонымен қатар биыл ШҚО медициналық ұйымдарының 29 маманы Германия, Израиль, Ресей, Түркия және Беларусь елдерінің жетекші клиникаларында білім жетілдіру курстарынан өтті.
«Аудандық және ауылдық медицинаның дамуы тек жаңа ғимараттар мен заманауи құрал-жабдықтарға байланысты емес. Мұнда мамандардың маңызы зор. Сондықтан біздің міндетіміз – дәрігерлердің өңірлерге келуіне, кәсіби тұрғыда дамуына және осында еңбек етуін жалғастыруына жағдай жасау», – деп атап өтті бірінші вице-министр.
Жұмыс сапары шеңберіндеғ Тимур Сұлтанғазиев азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар медициналық көмекті ұйымдастыру және медициналық ұйымдардың жұмысына қатысты мәселелер бойынша тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болды.
Жұмыс бағдарламасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған көшпелі брифингпен қорытындыланды. Бірінші вице-министр медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, жас мамандарды тарту, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және өңірдегі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Post #27061
148



