Маусымда БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын алу бойынша шамамен 85 млрд теңгеге өтініш орындады
Маусымның қорытындысы бойынша тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы жинақтарын алуға қатысты орындалған өтініштердің жалпы сомасы 84,7 млрд теңгені құрады. Есептеулер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректеріне негізделген.
2026 жылдың өткен айларымен салыстырғанда бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде жоғары. Бірінші жартыжылдықта бұдан жоғары нәтиже тек мамырда тіркелген болатын — 117,8 млрд теңге. Бір ерекшелігі, соңғы екі айдың үлесіне алты айдағы жалпы соманың жартысына жуығы тиесілі болды: 407,5 млрд теңгенің 202,5 млрд теңгесі. Мамыр және маусым айларындағы жоғары көрсеткіштерді ең төменгі жеткіліктілік шегінің ұлғаюымен байланыстыруға болады — 6 маусымда (жаңа шектер жарияланған күні) салымшының жасына қарай 79%-ға және одан да көп мөлшерге көтерілді. БЖЗҚ мұның себебін азаматтардың зейнетке шыққан кезде жеткілікті көлемде жинаққа ие болуын қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірді.
Сонымен қатар қордың ресми хабарламаларында шектердің өсуінен кейін қанша салымшының зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігінен айырылатыны туралы мәлімет жарияланған жоқ. Алайда қойылған мақсатқа жету үшін мұндай мүмкіндікке ие азаматтар саны едәуір қысқаруы тиіс деген қорытынды жасауға болады. Әйтпесе, қаражатты пайдалану бұрынғы көлемде жалғаса берер еді. БАҚ сауалына берген жауабында қор қысқартудың нақты ауқымын да келтірген — жаңа жеткіліктілік шегң енгізілгеннен кейін зейнетақы жинақтарын алуға әлеуетті үміткерлер саны 500 мың адамнан 30 мың адамға дейін, яғни 17 есеге қысқарады деп болжанған.
Осыған байланысты маусымдағы жоғары көрсеткіштің едәуір бөлігін жаңа шектер күшіне енгенге дейін қаражат алуға үлгерген салымшылар қамтамасыз еткен болуы мүмкін. Айта кетейік, БЖЗҚ-ға өтініштерді орындауға бес жұмыс күніне дейін уақыт беріледі. Сондықтан маусымда қор мамырдың соңғы күндерінде берілген өтініштерді де өңдеген.
Мұндағы өтініштің орындалуы дегеніміз — салымшының қаражатын уәкілетті операторға (екінші деңгейлі банкке) аудару. Өтініштің орындалуы қаражаттың міндетті түрде пайдаланылғанын білдірмейді. Кейбір жағдайларда арнайы шоттағы қаржы қайтадан БЖЗҚ-ға қайтарылуы мүмкін.
Дегенмен тәжірибеде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатындағы қаражат бойынша мұндай жағдайлар сирек кездеседі.
Қорытындылай келе, бірнеше детальдарға тоқталсақ: маусымда тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған орындалған өтініштер қаражатының негізгі бөлігі, 77%-ы, екі бағытқа жұмсалған: “Отбасы банкіндегі” депозитті толықтыруға (40,4 млрд теңге) және тұрғын үйді жеке меншікке сатып алуға (25,1 млрд теңге). Ал 16%-ы ипотекалық қарызды ішінара өтеуге бағытталған (13,8 млрд теңге)
P.S. Шілдеде БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын алу жөніндегі орындалған өтініштер туралы деректерді жариялау тәсілін өзгертті. Бұған дейін қордың сайтында ай сайын 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ағымдағы айдың бірінші күніне дейінгі кезең бойынша орындалған өтініштердің жиынтық көлемі жарияланып келген. Мысалы, 2026 жылдың 1 маусымындағы деректер сол күнге дейін орындалған өтініштердің жалпы сомасын көрсететін. Енді ағымдағы айдың бірінші күніндегі деректер тек ағымдағы жылдың басынан бері орындалған өтініштердің жалпы сомасын көрсетеді. Сәйкесінше, 2026 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметтер тек 2026 жылдың басынан бергі кезеңді қамтиды.
Бұл өзгерістер мұнымен шектелмейді. Шілдеден бастап БЖЗҚ орындалған өтініштердің санын жариялауды да тоқтатты. Соның салдарынан, маусымда нақты қанша өтініш орындалғанын есептеу мүмкін болмады.
@DataHub_KZ
Post #1405
71