«Кабар» ақпарат агенттігінің сұрақтарына жауап берген Қырғызстан президент істері басқармасының жетекшісі Қаныбек Тұманбаев осылай деп мәлімдеді.
Тұманбаевтың айтуынша, концертті жеке ұйым ұйымдастырып жатыр. Стадион мемлекетке тиесілі болғандықтан концерт кезіндегі қауіпсіздік және ұйымдастыру мәселелері бақылауда болады.
«Мемлекет Шакираның гонорары үшін бір сом да, бір тиын да жұмсамайды. Біздің мақсатымыз - билеттерді сату арқылы ақша табу емес, туризмді дамыту. Қырғызстанға келген адам бірнеше күн тұрады, қонақ үйлерге, мейрамханаларға және көлікке ақша жұмсайды. Шакираның бізге келуі елге назарды күшейтіп, туристік әлеуетімізді көрсетуге мүмкіндік береді» деді Тұманбаев.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Шакираның концертіне билет сатылған алғашқы күні билеттерді 22 ел азаматтары сатып алған. Билеттердің көбін (77,32%) Қырғызстан азаматтары алған.
Ал шетелдіктер арасында Қазақстан бірінші орында (80,01%) тұр. Одан кейінгі орындарда Ресей (13,08%), Өзбекстан (3,8%). Билетті сонымен бірге АҚШ, БАӘ, Тәжікстан, Түркия, Германия, Қытай, Ұлыбритания азаматтары сатып алған. Билеттің бағасы 62 мың теңгеден басталады.
