Павлодарда түнгі тыныштықты бұзған көлік жүргізушілері жауапқа тартылды
Павлодар облысында полицейлер тұрғындардың түнгі тыныштығын бұзатын жүргізушілерге қатысты әкімшілік шаралар қабылдап жатыр. Тәртіп сақшыларына көпқабатты үйлердің тұрғындарынан көліктерінде музыканы қатты қосып, қолайсыздық тудыратын азаматтарға қатысты шағымдар жиі түседі. Соңғы рет Сәтбаев, Лермонтов, Камзин және Горький көшелеріндегі тұрғын үйлерден түскен шағымдар бойынша полиция қызметкерлері оқиға орындарына барып, құқық бұзушыларға хаттама толтырып, айыппұл салды. Сонымен қатар, полицейлер азаматтармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, түнгі уақытта басқалардың тыныштығын сақтау қажеттігін түсіндірді. Жыл басынан бері Павлодар облысы бойынша тыныштықты бұзғаны үшін 4 847 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полиция азаматтарды осындай деректерге куә болған жағдайда бірден тәртіп сақшыларына хабарласуға шақырады.
Post #42976
33