▶️Сиань (ҚХР) – Алматы бағыты бойынша қатынайтын халықаралық туристік пойыз Алматыға келді. Жоба теміржол туризмін дамытуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік байланысты кеңейтуге бағытталған.
▶️Кезекті туристік пойыз 14 қыркүйекте Сиань қаласынан жолға шықты. Бағыт Ұлы Жібек жолының тарихи желісімен Қытайдың солтүстік-батыс өңірлері мен Шыңжаң арқылы өтіп, Қорғас арқылы Қазақстан-Қытай шекарасын кесіп өтті.
▶️Қазақстан аумағында туристерді тасымалдауды «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұйымдастырды. Халықаралық туристік пойыздың қозғалысы үшін шекаралық рәсімдер мен екі елдің теміржол қатынасын үйлестіру ескерілген арнайы қозғалыс кестесі әзірленген.
«Туристік пойыздарды дамыту – біз үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Теміржол қалалар мен өңірлерді, тарихи және табиғи нысандарды бір бағытқа біріктіріп, мазмұнды туристік бағдарлар құруға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – шетелдік серіктестермен бірлесіп, осы бағытты одан әрі дамыту, Қазақстан бойынша саяхат географиясын кеңейту және жолаушыларға сапалы туристік өнім ұсыну»,
– деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
▶️Алматыда қонақтар үшін арнайы мәдени-танымдық бағдарлама әзірленген. Туристер қаланың тарихымен, мәдениетімен және табиғи көрікті жерлерімен танысады. Бағдарламаға Тәуелсіздік монументі, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ, Вознесенск кафедралы шіркеуі, Орталық мешіт, Көктөбе, Шымбұлақ, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі және өзге де туристік нысандар енгізілген.
▶️Сиань – Алматы бағытындағы алғашқы халықаралық туристік пойызды Қытай тарапы 2025 жылы іске қосты. 2026 жылғы маусымда Ұлттық тасымалдаушының пойыздары пайдаланылған алғашқы рейс жүзеге асырылды. Бұл – биылғы екінші рейс.
▶️Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде танытуға бағытталған жұмыстар аясында жүзеге асырылуда.


