🇰🇿🇩🇰 Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссеннің Қазақстанға сапары туралы
✔️ Үстіміздегі жылғы 1-2 қазан күндері Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл 2009 жылдан бергі Дания сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға алғашқы сапары. Сапар екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылуының 35 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Бұл айтулы белесті келесі жылы атап өтеміз.
Сапар бағдарламасы Алматы облысынан басталады. Дания министрі Carlsberg Group және PepsiCo компаниялары бірлесіп салған алкогольсіз сусындар зауытының ашылу салтанатына қатысады. Құны 344 миллион долларды құрайтын бұл жоба Данияның Қазақстандағы ең ірі инвестициялық жобаларының бірі саналады. Сонымен қатар мәртебелі қонақ Қонаев қаласында өтетін ауқымды Қазақ-дат бизнес-форумына қатысады.
Астанада Ларс Лёкке Расмуссенді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды. Сондай-ақ оның ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөздері өтеді. Сыртқы саяси ведомстволар басшылары кездесуінің қорытындысы бойынша екі меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Соның бірі Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссия құру туралы құжат.
📍 Сыртқы істер министрлігі бұл сапар Қазақстан мен Дания арасындағы саяси диалог пен іскерлік әріптестікке жаңа серпін береді деп сенім артады.
📎 Официальный канал на русском языке: @MFA_Spokesperson2
Post #28
1.07K