🔸️Көлік министрлігінің Астық штабы Атбасарда жаңа астықты тасымалдау мәселесін талқылады
Атбасар қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Астық штабының отырысы өтті.
Отырысқа Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов төрағалық етті.
Жиынға жүк жөнелтушілер, трейдерлер мен экспорттаушылар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Астық Транс» АҚ, әкімдіктердің өкілдері, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің фитосанитариялық қызметтері қатысты. Қатысушылар астық тиеу көлемін, экспорттық бағыттарды, вагондардың қолжетімділігін және жаңа егін астықтарын тасымалдауды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында теміржол көлігімен 9,3 млн тонна астық тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп. Экспорттық тасымалдар 14%-ға өсіп, 7,2 млн тоннаны, республикаішілік тасымалдар 8%-ға өсіп, 2,1 млн тоннаны құрады. Тамыз айында айлық тасымал көлемінің рекордтық көрсеткіші тіркеліп, 1,2 млн тоннаға жетті. Бұл 2025 жылғы тамыз айындағы көрсеткіштен 35%-ға жоғары.
Астық маусымы басталғалы бері облыстан 80-ге жуық маршруттық пойыз жөнелтілді. Маршруттық тасымалдар техникалық станцияларда қайта өңдеусіз межелі станцияға дейін тікелей жүру арқылы астықты жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл вагондардың кейінгі тиеу жұмыстарына жылдамырақ босатылуына ықпал етеді.
Негізгі экспорттық бағыт Өзбекстан болып қала береді. Бұл елге 606,4 мың тонна астық жөнелтілді, бұл облыстан шығарылған астық экспортының 43%-ын құрайды. Ресейге – 170 мың тонна, Ауғанстанға – 135,6 мың тонна, Тәжікстанға – 133,5 мың тонна, Қытайға – 84,1 мың тонна астық жөнелтілді. Сонымен қатар Әзербайжанға, Қырғызстанға, Беларуське, Латвияға, Эстонияға және Түрікменстанға да астық жеткізілді.
Теміржол саласы жаңа өнімді тасымалдауға дайын. Тасымалдауды қамтамасыз ету үшін шамамен 16 мың астық тасығыш вагон, 17,8 мыңнан астам жабық вагон және 2 мың локомотив жұмылдырылды. Жыл басынан бері локомотив паркі 169 локомотивпен толықтырылды.
Экспорттық тасымалдарды қамтамасыз ету мақсатында жекелеген бағыттарда төмендетілген тарифтік шарттар қолданылады. Атап айтқанда, Өзбекстан аумағындағы Келес – Ғалаба учаскесінде тасымалдау көлеміне қарай 30%-дан 50%-ға дейін жеңілдік беріледі. Келес – Ходжадавлет және Қарақалпақстан – Ғалаба учаскелерінде тиісінше 60% және 40% жеңілдіктер қолданылады.
Отырыс барысында фитосанитариялық бақылаудан өту, тасымалдауды ұйымдастыру және экспорттық бағыттар бойынша астықты уақтылы жөнелтуді қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша проблемалық мәселелер айқындалып, оларды жедел шешу үшін жауапты тараптарға тиісті тапсырмалар берілді.
Post #25186
210