🇰🇿 Қазақстан Теңіздегі үлесін кемінде 35%-ға дейін арттырғысы келеді
🔍Bloomberg-тің 22 қыркүйектегі мәліметінше, Қазақстан үкіметі 🤩Chevron бастаған консорциумнан шамамен $10 млрд көлемінде бір реттік төлем жасауды және мемлекеттің «Теңізшевройлдағы» үлесін қазіргі 20%-дан кемінде 35%-ға дейін ұлғайтуды талап етіп отыр.
Оның орнына 2033 жылы аяқталатын Теңіз кен орнын игеру келісімінің мерзімін ұзарту қарастырылуы мүмкін.
Қазір ТШО-дағы үлестер былай бөлінген:
— Chevron — 50%
— ExxonMobil — 25%
— ҚазМұнайГаз — 20%
— Lukarco — 5%
Келіссөз бірнеше айдан бері жүріп жатыр. Ол ресми түрде 2025 жылғы қыркүйекте басталған. 2026 жылғы сәуірде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ТШО серіктестері Теңізде 2033 жылдан кейін де жұмысын жалғастыруға мүдделі екенін айтқан.
Bloomberg жариялаған жаңа деректің ерекшелігі — келісімді ұзартудың ықтимал бағасы алғаш рет нақты сандармен аталып отыр.
Бұл Қазақстанның 1990-жылдары жасалған ірі мұнай келісімдеріне қатысты ұстанымын күшейтіп отырғанын көрсетеді. Бұған қоса, ел Қашаған және Қарашығанақ жобалары бойынша ондаған миллиард долларлық дауларға қатысты халықаралық арбитраж процестерін жүргізіп келеді.
Қазақстанның келіссөздегі позициясына мұнай нарығындағы жағдай да әсер етіп отыр. Ел Еуропаға мұнай жеткізетін ірі экспорттаушылардың біріне айналды, ал Таяу Шығыстағы тұрақсыздық Каспий мұнайының маңызын арттырды.
Бірақ Теңіздің ұзақмерзімді болашағына қатысты тәуекел де бар. ExxonMobil тамыз айында кен орнындағы өндіріс шарықтау шегіне жақындағанын, ал 2035 жылға қарай тәуліктік өндіру көлемі шамамен 500 мың баррельге дейін төмендеуі мүмкін екенін ескерткен.
Сонымен қатар Теңіз — технологиялық тұрғыдан күрделі кен орны. Құрамындағы күкіртсутегінің көп болуы жобаны игеру үшін ірі халықаралық компаниялардың тәжірибесі мен технологиясын қажет етеді. Сондықтан келісімді ұзартуға Қазақстан да, шетелдік серіктестер де мүдделі.
⬆️Chevron үшін де Теңіздің маңызы жоғары. Қазақстан компанияның дәлелденген мұнай-газ қорының 10%-дан астамын құрайды. Ал ТШО Chevron-ның негізгі ақша ағынын қамтамасыз ететін активтердің бірі.
2026 жылдың екінші тоқсанында Chevron-ның үлестес компаниялардан алған төлемдері шамамен $3 млрд болған. Оның басым бөлігі ТШО-дан түскен.
Компанияның барлық үлестес кәсіпорындарынан түсетін жылдық төлем бойынша бағдары 🛢️Brent бағасы барреліне $70 болған жағдайда шамамен $6 млрд.
Ал Қазақстан сұрап отырған $10 млрд бір реттік төлемнің консорциум мүшелері арасында қалай бөлінетіні әзірге белгісіз.
🛢️Тағы бір мәселе — Лукойлдың ТШО-дағы 5% үлесі. 2026 жылғы қаңтарда Қазақстанның Энергетика министрлігі компанияның елдегі активтерін сатып алу мүмкіндігіне байланысты АҚШ Қаржы министрлігіне өтініш жолдаған.
ҚазМұнайГаз үшін ТШО-дағы үлестің өсуі ұзақмерзімді перспективада дивиденд пен басқа да ақшалай түсімдердің артуына ықпал етуі мүмкін.
Теңіздің Chevron портфеліндегі салмағы биыл да айқын көрінді. Екінші тоқсанда кен орнындағы өндіріс алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда тәулігіне 170 мың баррельге артқан. Chevron басшысы Майк Уэрт Теңіз келісімінің ұзартылуын компания үшін өсу мүмкіндігі бар ерекше жобалардың бірі ретінде атаған.
⚠️ Маңыздысы: қазір айтылып отырған шарттар түпкілікті бекітілмеген. Келіссөз барысында $10 млрд төлем көлемі де, мемлекеттің үлесіне қатысты талап та өзгеруі мүмкін.
🖊️Келіссөз ұзаққа созылса, Теңіздің 2033 жылдан кейінгі болашағына қатысты белгісіздік сақталады. Ал Қазақстанның үлесі ұлғайған жағдайда Chevron, ExxonMobil және басқа серіктестердің үлесі мен болашақ ақша ағыны қысқаруы ықтимал.
Дереккөздер:
🇰🇿Teniz Capital
🔍Bloomberg
Post #2325
421
- 👍 7
- ❤ 1
- 🙏 1