✍🏼 Ибн Абдураббих өзінің «әл-Ғақд әл-Фарид» кітабында Шурайх деген қазының бір әйелге үйленгені туралы оқиғаны келтіреді. Ол некеден кейін әйелдің бөлмесіне кіріп, оған қолын созғанда, әйелі: «Тұра тұр, Абу Умайя, асықпа», – деді.
Сосын сөзін жалғап: «Барлық мақтау-мадақтар Аллаһқа болсын, Оған мақтау айтып, Одан жәрдем сұраймын. Мухаммад пайғамбар мен оның отбасына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын. Мен сен үшін (бұрын) бөтен (болған) әйелмін, сенің мінезіңді білмеймін, маған не нәрсені ұнататыныңды айтшы, соны орындаймын және не нәрсені ұнатпасаң, содан аулақ боламын.
Сенің өз әулетіңде де сен үйленуге лайық әйелдер болды, менің әулетімде де мен тұрмыс құруға жарайтын ер адамдар бар еді. Бірақ Аллаһтың шешімі орындалады, енді сен маған иелік етесің. Сондықтан Аллаһтың әміріне сай әрекет ет: «...не жақсылықпен ұстап қалу, не жақсылықпен жіберу». Мен осыны айта отырып өзіме де, саған да Аллаһтан кешірім тілеймін», – деді.
Шурайх былай дейді: «Осылайша ол мені де сөз айтуға мәжбүр етті, сонда мен былай дедім:“Барлық мақтау-мадақтар Аллаһқа болсын, Оған мақтау айтып, Одан жәрдем сұраймын. Мухаммад пайғамбар мен оның отбасына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын. Содан кейін:
Егер сен жаңа айтқан сөздеріңді ұстансаң, бұл сенің несібең болмақ, ал егер оны ұстанбасаң, сол айтқан сөздерің өзіңе қарсы дәлел болады. Маған мына-мына нәрселер ұнайды, ал мына-мына нәрселер ұнамайды. Біз енді біртұтаспыз, сондықтан бізді бөлуші болма , егер жақсы бір нәрсе көрсең, оны жарияла, ал жаман нәрсе көрсең, оны жасыр”.
Ол: «Туыстарымның үйге келуіне қалай қарайсың?» - деп сұрады. Мен: «Мен сенің бауырларың мен жезделеріңнің жиі келіп, мазамды алғанын қаламаймын», - деп жауап бердім.Сосын ол: «Үйге қай көршілеріңді кіргізгің келеді, ал қайсысын ұнатпайсың?» - деп сұрады.Мен: «Пәленшенің отбасы – жақсы адамдар, ал түгеншенің әулеті – нашар адамдар», - дедім».
Шурайх былай деп сөзін жалғады: «Мен онымен ең тәтті түнді басымнан кешірдім, және одан өзіме тек ұнайтын нәрселерді ғана көріп онымен бір жыл бақытты өмір сүрдім. Бір жыл өткенде, сот ісінен қайтып келген бір күні үйде шаруашылықпен айналысып жүрген бір қарт әйелді көрдім.
Мен: «Бұл кім?» – деп сұрадым.
Маған: «Бұл сенің енең», – деп айтты. Сонда жүрегім орнына түсті, сосын мен отырған кезде ол маған жақындап: «Әс-сәләму ғаләйка, Абу Умайя», – деді.
Мен: «Уа ғаләйки-с-сәләм! Сіз кімсің?» – деп сұрадым.
Ол: «Мен сенің енеңмін», – деді.
Мен: «Аллаһ сізге береке берсін! – дедім.
Ол: «Әйелің қалай екен?» – деп сұрады.
Мен: «Ол – ең жақсы әйел!» – дедім.
Ол: «Абу Умайя, әйел адам екі жағдайда бұзылады: ұл бала туса немесе күйеуінің разылығына ие болса. Егер сенде күмән пайда болса, онда қолыңа қамшыны ал. Аллаһпен ант етемін! Ер адамның үйінде ерке әйелден жаман ештеңе жоқ», – деді.
Мен оған: «Аллаһпен ант етемін! Сіз оған жақсы тәрбие бердіңіз», – дедім.
Ол «Әйеліңнің ата-анасы сені зиярат еткенін қалайсың ба?», - деп сұрады.
Мен: «Қалаған кезде келсін», – дедім.
Ол маған әр жылдың басында келіп жүретін болды және жақсы кеңестер беретін. Мен әйеліммен оны ешқашан ұрсып-сөкпей жиырма жыл өмір сүрдім...»
Көптеген ерлі-зайыптылар алғашқы неке түнінде осындай келісім жасаса жақсы болар еді. Әйел күйеуінен не қалайтынын, не қаламайтынын айтсын, күйеуі де не қалайтын-қаламайтынын айтсын. Мен мұны өз басымнан өткіздім және көп пайдасын көрдім. Ал барлық мақтау-мадақ Аллаһқа тиесілі.
📚Бұл үзінді шейх Бадр әл-Утайбидің "Мұсылман әйелдерге тұрмыс құрудан бұрыңғы 20 кеңес" кітабынан алынды. Аллаһ Тағаладан кітаптың толық нұсқасын жақын арада "Абу Ханифа мирасы" кітап сөресінен көруімізді нәсіп етуін сұраймыз.
Post #348
547
