🗓️ Бүгін, 10 қазанда, Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халыққа мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Қазақстанда психикалық денсаулықтың 304 бастапқы орталығы мен кабинеті жұмыс істейді. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында амбулаториялық қызметке жүгіну саны 874 мыңнан асты.
🇰🇿 Елімізде психикалық денсаулықты сақтау жүйесі ауруларды ерте анықтауға, амбулаториялық емдеуге және оңалтуға басымдық бере отырып, жүйелі түрде дамып келеді.
Қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың базасында 101 бастапқы орталық пен 203 психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істейді. Бұл азаматтарға тұрғылықты жері бойынша, оның ішінде емханалар деңгейінде мамандандырылған көмек алуға мүмкіндік береді. 2026 жылдың соңына дейін тағы алты бастапқы орталық ашу жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында амбулаториялық қызметке 874 398 рет жүгіну тіркелді. Медициналық ұйымдар желісінің дамуы ауруларды дер кезінде анықтауға және пациенттерге қажетті медициналық қолдау көрсетуге ықпал етеді.
Медициналық және әлеуметтік оңалтуды кеңейту де басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Қазіргі уақытта психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелді пациенттерді оңалту бөлімшелері еліміздің барлық 20 өңірінде жұмыс істейді.
Ерікті түрде емделгеннен кейін оңалтумен қамту көрсеткіші 2023 жылғы 27%-дан 2025 жылы 50%-ға дейін өсті.
Сонымен қатар стационарды алмастыратын медициналық көмектің түрлері де дамып келеді. 2026 жылы күндізгі стационардағы психиатриялық төсектің саны 3,7%-ға артты. Бұл тәулік бойы емдеуге жатқызбай-ақ ем алу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.
Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылыстарын ерте анықтау және балаларға медициналық қолдау көрсету жүйесі жетілдіріліп келеді.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша аутизм спектрінің бұзылыстары бар 21 335 адам динамикалық бақылауда тұр. Олардың 20 777-сі – балалар.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылы психикалық денсаулық мәселелері бойынша 2 150 маман оқытудан өтті. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында пациенттерді ерте диагностикалау мен медициналық сүйемелдеудің заманауи тәсілдері енгізілуде.
Денсаулық сақтау министрлігі психикалық денсаулық орталықтарының желісін кеңейтуді, балаларға психиатриялық көмек көрсетуді дамытуды және оңалту бағдарламаларын жетілдіруді жалғастырады.
Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай психикалық саулықты сақтау – адамның денсаулығы мен өмір сапасын жақсартудың ажырамас бөлігі екенін атап өткен жөн.
Басты міндет – профилактика мен ауруларды ерте анықтаудан бастап емдеу, оңалту және адамның толыққанды өмірге оралуына дейінгі барлық кезеңде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
🌐 Ресми сайт ⚜️ Instagram
