Алматыға Almaty SuperSki тау шаңғысы курорты не үшін қажет?
Бүгінде Шымбұлаққа келушілер саны көп. Әсіресе демалыс және мереке күндері адам қарасы қалыңдайды. Ал таулы жердің ерекшеліктері курортты кеңейтуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Алматыға тек туристерге ғана емес, қала тұрғындарына да қолжетімді жаңа шаңғы трассалары мен демалыс орындары қажет.
Almaty SuperSki жобасының жетекшісі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Алматыда толыққанды тау шаңғысы кластерін қалыптастыру үшін кемінде 100 шақырым шаңғы трассасы қажет. Осы мақсатта Медеу мен Ой-Қарағайды аспалы жолдар және шаңғы бағыттары арқылы біріктіру жоспарланып отыр. Ал келесі кезеңде Көкжайлауды дамыту көзделген. Осылайша, жеке-жеке орналасқан курорттардың орнына біртұтас тау шаңғысы инфрақұрылымы құрылмақ.
Жобаның басты мақсаты – тауды алматылықтар үшін қолжетімді ету. Балалар шаңғы тебуді үйреніп, отбасылар табиғат аясында демалып, қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алуы тиіс. Еркінбаевтың сөзінше, жоба аумағында шағын әрі көрікті көл пайда болады. Ал жасанды қар жүйесінің арқасында оқушылар күз айларынан бастап шаңғы жаттығуларына қатыса алады.
Екінші мақсат – Алматыны халықаралық тау шаңғысы туризмінің орталығына айналдыру. Ол үшін тек қысқы спорт инфрақұрылымын ғана емес, жыл бойы демалуға арналған орындарды да дамыту жоспарланған.
Дегенмен жобаның экологиялық қауіпсіздігі мен табиғи тепе-теңдікті сақтау мәселесі де маңызды. Туризмді дамыта отырып, тау табиғатын қалай қорғаймыз? Неліктен Көкжайлау жеке жоба ретінде қарастырылады? Ол қала тұрғындарына қандай жаңа мүмкіндіктер береді?
Осы және өзге де сұрақтарға Ержан Еркінбаев сұхбат барысында жауап берді.
Post #58044
11.6K