Бүгін Президент Қ. Тоқаев ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кеңес өткізіп, жаңа министрді таныстырды (https://t.me/aqorda_resmi/35597 ).
Жиын қаза болған жас теңіз жаяу әскерилерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайды жеке бақылауында ұстап отырғаны сөзсіз.
Бүгін Мемлекет басшысы өз Жарлығымен әскери борышын атқару барысында қаза тапқан сарбаздар мен аман қалған әскери қызметшілерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Осы шешімнің өзінен-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлының болған жағдайды ел басшысы ретінде ғана емес, адам ретінде де қаншалықты жақын қабылдап отырғанын аңғаруға болады.
Сондықтан да кеңес барысында қаза тапқандардың барлық отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетуді тағы да тапсыруы тегін емес.
Мемлекет басшысы орын алған трагедияны «қылмыстық біліксіздіктің», командирлердің, соның ішінде генералдардың да салғырттығы мен немқұрайлылығының нәтижесі деп бағалады. Мәселен, әскери қызметшілердің тиісті жабдықтарсыз және құтқару кеудешелерінсіз теңізге шыққаны анықталды.
Сонымен қатар Президенттің зардап шеккен отбасыларға қамқорлық көрсетумен ғана шектелмей, әскерде темірдей тәртіп орнатуға бел буғаны да анық байқалады.
Сарбаздардың қаза болуы әскердегі аса өзекті мәселелер мен басшылықтағы жауапсыздықтың бетін ашты.
Сондықтан Мемлекет басшысы болған жағдайды жай ғана тергеп-тексеруді емес, осы әскери оқу-жаттығуларын өткізудің қаншалықты негізді болғанын да тексеруді тапсырды.
Бұдан бөлек, Қ. Тоқаев Қарулы күштерге терең реформа жүргізуді тапсырды. Ол қазіргі әскеріміздің өткен ғасырда қалып қойғанын атап өтті.
ХХІ ғасырдың талаптарына және жаңашыл технологияларға жауап беретін Қарулы күштерді қалыптастыру қажет. Мүмкіндігінше адамның тікелей қатысуын алмастыратын заманауи технологияларды кеңінен енгізу керек. Осылайша, әскери қызметшілердің өмірін сақтау әскерді ұйымдастырудағы сөзсіз басымдық ретінде айқындалды.
Шетелдегі әскери қақтығыстардың тәжірибесі көрсеткендей, қашықтан басқарылатын мұндай технологиялар барған сайын кеңінен қолданылуда. Олар дәстүрлі қару түрлеріне тиімді қарсы тұрып, соғыс жүргізу тәсілдерін түбегейлі өзгертіп жатыр.
Яғни мәселе енді тек кінәлілерді жазалау мен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Әңгіме мемлекеттің қорғаныс қабілетін қалыптастыруға қатысты ұстанымдарды түбегейлі қайта қарау туралы болып отыр.
Бұл тапсырмалар қазіргі заманның сын-қатерлеріне толық жауап беріп, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау табатынына күмәнім жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде ең ауқымды реформаларды қандай табандылықпен және жоғары қарқынмен жүргізіп отырғанын ескерсек, бұл бағыттағы нәтижелер де көп күттірмейді деп ойлаймын.
Post #17352
182