🔄«Атом – өміріміздің бір бөлігі»: Ақтауда БН-350 нысанында ашық есік күні өтті
Ақтауда «Атом – өміріміздің бір бөлігі» атты Ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне БН-350 реакторлық қондырғысы таныстырылды. Іс-шараны ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырды.
БАҚ өкілдері нысанның қазіргі жағдайымен, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және пайдаланудан шығару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен тікелей танысты. Сондай-ақ мамандардан алдағы жұмыс кезеңдеріне қатысты сұрақтарына жауап алды.
БН-350 – Ақтау қаласының тарихы мен Маңғыстау өңірінің энергетикалық инфрақұрылымының даму тарихының бір бөлігі. Реакторды энергетикалық іске қосу 1973 жылы жүзеге асырылды. 25 жыл бойы қондырғы өңірдің энергетикалық жүйесін электр энергиясымен қамтамасыз етіп, сонымен қатар теңіз суын тұщыту үшін пайдаланылды. Реакторлық қондырғыда өндірілген бу тұщыландыру қондырғысына жіберіліп, бұл қала мен өңірді тұщы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осылайша, БН-350 тек энергетикалық нысан ғана емес, Маңғыстау өңірінің сумен жабдықтау жүйесінің де маңызды бөлігі болды.
БН-350 қондырғысының ерекшелігі оның технологиялық шешімдерінде де жатыр. Бұл – сұйық металл натрий жылутасымалдағышы қолданылатын жылдам нейтронды реактор. Оны пайдалану барысында жинақталған тәжірибе Қазақстанның атом энергетикасының даму тарихының және елдің ядролық энергетикалық қондырғыларды пайдалану саласындағы практикалық тәжірибесінің бір бөлігіне айналды.
Бастапқыда БН-350 реакторын пайдаланудың жобалық мерзімі 20 жыл болып белгіленген. Кейіннен оның пайдалану мерзімі ұзартылды. 1998 жылғы наурызда реактор тоқтатылып, содан кейін қондырғыны пайдаланудан шығару кезеңіне көшу жұмыстары басталды. 1999 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №456 қаулысымен БН-350-ні пайдаланудан шығару туралы шешім қабылданды. Қаулыға сәйкес, қондырғы қауіпсіз күйге келтіріліп, консервациялануы және кейіннен пайдаланудан шығару бойынша көзделген кезеңдерден өтуі тиіс болды.
Бүгінде БН-350 электр энергиясын өндірмейді. Қазіргі кезеңдегі негізгі міндет – нысанның қауіпсіз жағдайын сақтау және оны пайдаланудан шығару жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру. Нысанда реакторлық қондырғының, инженерлік жүйелердің жай-күйі мен радиациялық ахуал бақыланады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, радиоактивті материалдармен, радиоактивті қалдықтармен және натрий жылутасымалдағышымен жұмыс істеу шаралары жүргізілуде.
БН-350 алаңынан пайдаланылған ядролық отынды шығару және тасымалдау жұмыстары аяқталды. 2010 жылы отын ұзақ мерзімді сақтауға арналған мамандандырылған нысанға тапсырылды. Қазіргі уақытта мамандар радиоактивті қалдықтармен және натрий жылутасымалдағышымен қауіпсіз жұмыс істеуге, сондай-ақ БН-350-ні пайдаланудан шығарудың келесі кезеңдеріне дайындық жүргізуге басымдық беріп отыр. Бұл жұмыстарды жоспарлау және жүзеге асыру кезінде зерттеу нәтижелері мен халықаралық тәжірибе ескеріледі. Қазақстан БН-350-ні пайдаланудан шығару мәселелері бойынша Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (АЭХА) ынтымақтастық орнатқан.
Қазіргі уақытта біз екі негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оның бірі — радиоактивті қалдықтарды өңдеу және қауіпсіз күйге келтіру. Сұйық және қатты радиоактивті қалдықтардың қоршаған ортаға таралу қаупін болдырмау үшін оларды белгіленген технологиялық талаптарға сәйкес өңдейміз. Бұл ретте қалдықтарды қоюландыру, химиялық әдістермен өңдеу және тұрақты күйге келтіру технологиялары қолданылады. Алдағы уақытта да жұмыстардың басым бағыты — радиациялық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ықтимал тәуекелдердің алдын алу және қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтау», — деді БН-350 реакторлық қондырғысының директоры Марат Молдағұлов.
Кездесудің ашық форматта өтуі БАҚ өкілдеріне БН-350 нысанының қазіргі жағдайы туралы ақпаратты бейінді мамандардан тікелей алуға, сондай-ақ нысанның қауіпсіз күйін сақтау және оны одан әрі пайдаланудан шығару мақсатында бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстармен танысуға мүмкіндік берді.
Post #1036
134


